Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы

ресми сайты

Get Adobe Flash player


Президент жолдауы


Жамбыл облысының әкімі


Сауалнама

  1. Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық құжатының мазмұнымен таныссыз ба?
  2. Мемлекет Басшысы ұсынған қазақстандық қоғам мен әр қазақстандықтың рухани жаңаруы туралы бағытын қолдайсыз ба?







Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзі


Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру





  Нұрлы жол - болашаққа бастар жол








    
 

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІНІҢ ТІЗІМДЕМЕСІ

 

  
 

INVESTORS GUIDE

    

  
 

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ БОС ЖЕРЛЕР КАРТАСЫ

    

  
 

Облыстын көп тараған пайдалы қазбалар картасы

    

  
 

Облыстын қатты пайдалы кендер картасы

    

Жамбыл облысының көрікті жерлері

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ МОНУМЕНТІ

        Жамбыл облысы еліміздегі тарихы ең бай өлкелердің бірі. Дәл осы өңірде Талас пен Шу өзендерінің аралығында 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының іргесін қалады.

       Осы Қазақ хандығы құрылуының тарихи мағынасын ашатын 30 метрлік монумент қаламыздың батыс бөлігінде «Тараз-Арена» спорт сарайына қарама-қарсы тұста тұрғызылған. Сәулет үйлесімділігі алыстан өте әдемі және көзтартарлық сипатта жалпы көрініс береді.

  

 


  


                                 «Көне Тараз» археологиялық саябағы

          Ұлы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы мерекесі қарсаңында (2015 ж) бұрынғы Тараз қаласы орталық базары орнында «Көне Тараз» археологиялық саябағы ашылды.

     Бұл «Көне Тараз» саябағы халықаралық туристік орынға айналады деп күтілуде. Қазақстан бірінші рет осы саябақты ішкі,аймақтық және халықаралық туризм саласын дамыту жолында ең ірі археологиялық нысан ретінде, Әлемдік ЭКСПО – 2017 көрмесіне келетін қонақтарға көрсететін қалалар тізіміне енгізіп отыр. Бұдан басқа Ұлы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын тойлау мерекесі аясында «Көне Тараз» археологиялық саябағында бірнеше нысандар ашылды.

  

  

 


Айша бибі кесенесі(XI-XIIвв.).

Қазақстандағы үздік сәулет ескерткіштерінің дені - діни ғимараттар болып табылады. Біздің уақытқа дейін сақталып жеткен құрылыстардың ішінде аса қызықтыратыны - осылар.

         ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі кесенесі Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді. Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту туралы пікірталас жүргізді. ХХІ ғасырдың басында ол уақытта келіп жетті. Бұл жұмысты Республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің Түркістан филиалындағы мамандары үш жыл ішінде, 2002-2005 жылдар аралығында аяқтап шықты. 2005 жылдың көктем айында кесене өзінің алғашқы қайталанбас көз қуантарлық ғажап келбетіне енді.

         Кесене жобасы шаршы формалы бұрыштарында коллоналары бар құрылыс. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл орталық Азия мен Қазақстандағы өнбойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш.

          Сондықтан да Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған мұражай іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы ваза түрінде жасалған. Бұрыш колонналары, жоғары қарай сүйірлене жасалған белдеушелері өсімдік гүлді оюлармен өрнектелген терракот қыш тақталардың 18-ші қаланымында (3,4м биікте) арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз...бұлттар...жер ғажайып...» деген тылсым сөздер  жазылған. Кесененің ішкі жағында жер бесік тұр.

         Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған.

         Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға іңкәрлік сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған, Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша - Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған. Ал, жастар болса Айша бибі кесенесіне мәңгілік махабаттың, таза сезімнің пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде,  мінәжат  етіп  келіп-кетіп  жатады. 


 

Бабаджа Хатун кесенесі (ХІ ғ.)

Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың  жинақы әрі қарапайым  ою-өрнектері  үйлесім тапқан.

Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны - Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі. Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің  аты-жөні сақталмаған.

Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы - Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.



Қарахан кесенесі  (ХІ-ХІІ ғ.ғ.)

Тараз қаласының орталығында орналасқан (Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысы), ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын  тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Кіре беріс иіні сүйірлене қаланып  колоннаға тірелген. 1836-1936 жылдар аралығында қаламыз Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды.

         Қазір бұл жер бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш худжра бөлмелері бар порталды-күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңінің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен аркалық ойықтары ғана ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған. Кіре беріс маңдайшасында: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі»- деген Құран сөздері өрнектелген. Соңғы қайта жаңғырту жұмыстарын Тараз қаласының 2000 жылдық мерекесіне орай 2002 жылы Республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесі жүргізді.

  

Дәуітбек  кесенесі (ХІІІ ғ.).

          Сол дәуірдегі ескерткіштерден бізге дейін жеткен тағы бір жәдігер - Дәуітбек кесенесі. Оның толық аты-жөні - Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек-Шамансұр

         Кесене алғашында күмбезі жартылай иілген аркаға бекітілген төрттаған түрінде болған. Аркалар плиталардан қаланған тұғырға орналасты. ХІХ ғ. соңында аркалы кіре берісі мен қабырғалары  кірпішпен қайта өрілгендіктен кесене қазіргі қалпына енді. Оңтүстік бұрыштарының жоғарғы жағы  минарет тәріздес етіп жасалған. Қабіртастағы жазуды А.Б.Бартольд танып оқыған. Онда: 1262 ж. 31 наурызда қайтыс болған түркілік қолбасшы, «қалам мен қылыштың иесі, жаны таза момындардың жанашыр қорғаушысы»  жерленген  деген жазулар бар. 

 

Тектұрмас кесенесі ( ХІV ғ.)

         ХІV ғасырда Талас  өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зорастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі  зираттар  орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы  және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.

         ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы  атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады.   Тектұрмас кесенесінің тек фотосуреті ғана сақталып қалған. (ХІХ ғ. 80 жылдар). Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы кесененің алғашқы  орнында  жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз  орын» дегенді  білдіреді.


Ерте ислам дәуірінің мешіті

Ежелгі Тараз қаласының №3 батыс рабадының аумағында, Қарахан кесенесінің маңында, 2005 жылдан академик К.М.Байпақовтың басшылығымен А.Х.Марғұлан атындағы Археологиялық институтының экспедициясы жұмыс істей бастады. Елімізде алғаш рет көне ескерткіштерді қалпына келтіріп, археологиялық қазба жұмыстарына демеуші болатын меценаттар табылды. Археологиялық жұмыстарды Е.Баймурзиннің басшылығындағы «Өлкетану» қоғамдық қорының тікелей қолдауымен, Алматыдағы «Страйк» қаржылық-заңгерлік компаниясы қаржыландырды. Жүздеген жылдар бойы мінәжат үйінен естіліп жататын киелі жаңғырық жаңадан түлеген ғибадат орнынан қайтадан естіле бастады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі мешіттің қалдықтары табылды. Нысанның кейбір бөліктері зерттелді, сарапталды. Табылған жәдігердің құндылығы-оның Орта Азия аумағына Ислам өркениетінің енуі жайлы тарихшыларды әлі күнге дейін толғандырып келе жатқан сұрақтарға нақты жауап береді. Түбегейлі зерттеу нәтижесінде - табылған нысанның,  VІІІ ғасырмен мерзімделетін Қазақстан жеріндегі ерте Ислам дәуіріне сәйкес құрылыс екенідігін анықталды. Қирандыны тазалау кезінде  колонналарға тұғыр болған тастар, шығыс жағында мінәжат етушілер отыратын суфа, ал батыс жағында михрабтың орны табылды. Ежелгі мешіт қайта жаңғыртылып Тараз жеріндегі алғаш рет ашылған ашық аспан астындағы музей ретінде көпшілік қауымға  есігін  ашты.

 Төрткөл  қалашығы  (VI-VIIIғ.)

Ы.Сүлейменов атындағы көшенің бойына орналасқан. Ол керуен-сарайдың орны болуы мүмкін деген болжамдар бар. Төрт бұрышты болып келген. Биік қабырғалары қорғандары болған. Мекен аумағында қыш ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі. Кешеннің оңтүстік-солтүстік бағыттары тұрғын үйлермен шектелген. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп  жатыр.

 

 Құлан  қалашығы. (VІ-ХІІ ғ.ғ.)

Т.Рысқұлов  ауданы, Құлан  ауылының  маңында  орналасқан. Құлан қалашығы алғаш рет VІІ ғ. бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қытай тақуасы Сюань-Цзянының жол бағдарламасында және Тан династиясының тарихында қала Цзюй-Лань деген атпен аталып өткен. Ол туралы VІІІ-Х ғ.ғ. «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып өткен. Араб географы Ал-Максиди былай деп жазған:

«Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт (Медина) бар, ол үлкен Тараз жолында» Құланмен бірқатар тарихи оқиғалар байланысты. Мәселен, 740 ж. түргеш бегі Құрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осында өлтірсе,  840 ж. араб әскерлері Құланға дейін жеткен.

Қаланың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. Қаланың орталық бөлігінің қирандылары ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Ішкі қамал қирандының солтүстік-батыс бұрышында. Осы күні ол биіктігі бірнеше метрге жуық   төртбұрышты, үстінде алаңы (40х40м) бар төбе тұрпатты. Ішкі қамалдың барлық бұрыштары мұнарамен көмкерілген. Қала сыртынан, тереңдігі 1 метрге жуық, ені 15 метрлік ормен қоршалған. Қалаға кіретін жер екеу. Олар оңтүстік және шығыс үйінді жолдардың қабырғасынан басталады.

Археологиялық ізденіс оны үш кезеңге бөледі. ҮІІ-ҮІІІ ғ.ғ., ІХ-Х ғ.ғ., ХІ-ХІІ ғ.ғ..

Алынған мәліметтер бойынша ішкі қамалдың орнында басында, ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда, қабырғалары пахсадан қаланған ғимараттар тұрған деп болжауға болады. Жаңа құрылыс кешені көне қаланың қалдықтары үстіне  тұрғызылған. Ойма өрнектермен әшекейленген көптеген  қыш қақпақтар мен дастархандар бұл қабатты ІХ-Х ғ.ғ. мерзімдеуге мүмкіндік береді. Табылған керамика сынықтары, құрылыс құралдары, қалашықтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргендігін дәлелдейді. Уақыт мөлшерін ғимарат едендерінен, табылған қарахан дәуірінің бақырлары қуаттайды. 

 

Меркі  қалашығы . (VІІ-ХІІІ ғ.ғ.)

Мерке ауылының батыс шеті, Ташкент –Алматы тасжолының солтүстігіне қарай орналасқан. Алғашқы тарихи атын сақтаған ежелгі қалашықтың бірі. Ол ІХ-Х ғ.ғ. Кудама Ибн Хордадбектің  қолжазбаларында аталады. Ол, оны, үлкен елді мекен деп атаған. Қалаға неғұрлым тыңғылықты сипаттама берген Ал-Максиди:  «Мирки-орташа аумақты, бекемделген ішкі қамалы бар қала. Соборлы мешіті, ертеде шіркеуі болған» деп жазады. Меркінің орталықтағы қираған орны ш.б. желісі бойынша созылған дөңес тәрізді төртбұрыш. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде ішкі қамалдың қалдықтары, көтеріңкі көрінеді. Ол ішкі қаладан қазіргі кезде кеміріліп, шымға айналған биіктігі 1,5 – 2 м. қорған дуалмен бөлінген. Қабырғаның бұрыштары дөңгелек мұнаралармен күшейтілген, ішкі қалаға кіре берісті 2 мұнара қорғап тұр. Ішкі қала - биіктігі 3м. кемірілген қабырғамен қоршалған қиғаш төртбұрыш дөңеске ұқсас орын. Қалашықтың батыс жағындағы табиғи қорғаны, оң жағалауында биік жарқабағы мен балшықты жайылмасы бар Көлтоған өзені болған. 

Бедерлі өрнегі бар қарапайым жасалған қыш қақпақтардың шыршалы суретпен безендірілген оқпан тәрізді шамдал сирақтары сынықтарының табылуы Миркінің пайда болу мерзімін VІІ - VІІІ ғ.ғ. жатқызуға мүмкіндік береді.

Қалашық ХІІІғ. Моңғолдармен соғыста қиратылды. Ал, ХІХ ғасырда, Қоқандықтар тұсында  қала қайтадан тұрғызылды.

Қазіргі кезде ол жерде Меркі ауданының орталығы орналасқан.


Оххум қалашығы . (VІ-ХІІ ғ.ғ.)

Байзақ ауданы Шахан ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 11-13 шақырым, Сырымбет-Бостандық жолынан шығыс-батысқа қарай 300м. орналасқан. Топографиялық жағынан күрделі, екі қатарлы қабырғалармен қоршалған ғимарат. Төртбұрыш үлгідегі алаңның бекініс қабырғалары дөңестеле келе төрт құбылаға бағытталған. Мұнаралар қабырғалардың бұрыштарына периметр бойынша орналасқан. Қабырға сызықтарынан сыртқа қарай 13-15 метр шығыңқыраған. Талас өзенінің сол сағасы – Қарабақыр өзен суын пайдаланған Оххум маңында ежелгі жер суландыру  жүйесінің іздері байқалады.

 

Түймекент  қалашығы. (VІ-ХІІ ғ.ғ.)

 Байзақ ауданы, Түймекент ауылының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тікбұрышты үлгідегі бұрыштарынан төрт құбылаға қарай бағытталған қалашық барлық жағынан мұнаралары биік біліктермен қоршалған.

Қалашықтың ортасында жатқан дөңестер-бұрынғы ішкі бекіністің қалдық-жалдары.

Қалашықтың үстінгі қабатынан табылған қыш кірпіштер VІ-ХІІ ғ.ғ. кезеңдерге жатады. 2010 жылдан бастап археологиялық жұмыстар жүргізілуде.

 

  Төменгі  Барысхан  қалашығы. ( VІ-ХІІ ғ.ғ.)

 

Байзақ ауданында, Тараз қаласынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Зерттеуші Кудама Ибн Хордадбектің қолжазбаларында: «Барысхан – Тараздан шығысқа қарай орналасқан, адамның даусы жетерлік жердегі қала. Оның айналасында қазіргі күні құлап қалған қабырға бар. Үлкен мешіт базарлардың ортасында тұр» делінген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде тік төртбұрыш және шаршы пішінді бірнеше үйлердің орны аршылып алынды. Едендерінен ошақтардың орны табылды. Алаңның жаңында жерге көміліп орнатылған өте үлкен бөшке секілді ыдыс бар. Соған қарап, үйдің шарап жасайтын орындігі анықталды.

2004 жылдан бастап археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Қазба жұмыстары кезінде сиымдылығы өте үлкен ыдыстар, тұрғын және шаруашылық үйлері, шарап жасау орнының қалдықтары табылды. 

 

Тылсым сырлы Ақыртас сарай кешені.  (VІІІ-ХІІ ғ.ғ.)

Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Ақыртас кешенін зерттеу тарихы 130 ж. артық. Оған ең алғашқы көңіл аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский. Ол 1864 ж. қаланың қирандысына барып, Ақыртастың понорамасы мен қабырғаларының бөліктеріне байланысты қызықты суреттер сызып қалдырған. Содан бері отандық және шетелдік зерттеушілер, Ақыртас туралы талай тұспалдар мен батыл болжамдар айтуда. Ел аузында Ақыртас туралы әңгімелер өте көп. Ақыртас - күрделі құпияға толы нысан.

 Археологиялық және архитектуралық зерттеулердің нәтижесінде Ақыртас маңынан бірнеше нысандар табылды.

1.   Керуен сарай кешені, монументальды құрылыс, ұзын жақтарымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Қабырғалары өңделген қызыл құмтастармен  қаланып, 1-ден 1,5 метрге дейін көтерілген.

2.   Қала сыртындағы мекендер - Ақыртас сарай құрылысынан солтүстік бағытта қабырғалары қыштан көтерілген, жалпы аумағы - 2,5га құрайтын, биік дуалдармен қоршалған  үй-жайлар орналасқан.

3.   Қамал-ауданы 40х25, биіктігі 3-3,5м. қамалдың барлық ішкі бөлмелері бойлық бойына орналасқан үш қатар бөлмелерден тұрады. Орталық қатардағы бөлмелер - анфиладты.

4.   Парк, сарайдың шығыс жағында, аумағы 250х250м.

5.   Тас өңдейтін карьер. Қызылтас шоқысының шығыс беткейінен тас өндірілген. Бұл жерде ұзындығы 400 метрге жететін карьер жатыр. Онда әлі күнге дейін, өңделген тегістелген және жартылай  өңделген тастардың қалдықтары сақталған.

6.   Саз балшық карьер-көлемі 1,5га. Ақыртастан жарты шақырым жерде, таудың солтүстік етегінде, кірпіш пен қыш өңдірудегі негізгі материал – сары топырақтың қалың қабаты бар. Бұл жерден кірпіш күйдіруге арналған пештің қалдықтары, күйдірілген кірпіштің сынықтары, күл табылды.

7.   Хауздар (су қоймасы) – Ақыртастың солтүстігінде екі су қоймасы болған. Олардың батыс бағыттағысы ауданы 40х40, тереңдігі 2 метр болатын төртбұрышты қазан шұңқыр. Оған 3200 текше метр көлеміндегі су сияды. Ал шығыстағы су қоймасының диаметрі 30м.

8.   Сақ қорымдары тізбесі ежелгі арнаны жағалай тау бөктеріне орналасқан.

Аэро-фото түсірілім көрсеткеніндей «Ақыртас» құрылысы үш бөліктен тұратын алып құрылым бейнесінде жобаланған. Қазіргі құрылысы жартылай тұрғызылған нысанның шығыс жағымен батыс солтүстігіне қарай тағы да екі алып құрылыс орны белгіленіп, алғашқы тұғыртас өлшемі жасалған. Міне дәл осы тұста Египет мұнаралары мен сол маңдағы «Патшалар аңғары» еріксіз ойға оралады. Негізінен көлемді төрт бөліктен тұратын Ақыртас сарай кешенін «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және «Ақыртас ғимараты» деп қарастыруға болады.

 Қазіргі кезде археологиялық және қайтажаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бәрі де уақыттан қорқады, ал, уақыт тек Пирамидалардан ғана қорқады», - дейтін қанатты сөзге арқау болған Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары, Антантида аңыздарымен деңгейлес жатқан алып құрылыс нысаны - Ежелгі Тараздың «алтын шеңберінде» жатқан Ақыртас сарай кешені екені даусыз. 



Баласағұн  (Ақтөбе) қалашығы.  (VI-VIII ғ.ғ.)

Жамбыл облысы Шу ауданы Ақтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде, Ақсу өзенінің қос жағалауында орналасқан. Қала ұзын дуалдармен қоршаған, екі Шахристаннан (1,2), цитадельден және қала төңірегі құрылыстарына тұрады. Шахристан-1 (380-250м) тік бұрыш үлгісіндей құрылым. Оның орта бөлігінде 100-110м шаршы тәрізді, биіктігі 10м цитадель орналасқан. Шахристан-2 өлшемдері-(300-250м), биіктігі 3-6 м. Қала төңірегі ұзын дуалдармен қоршалған: бірінші дуалдың ұзындығы 17 шақырым, екіншісінікі - 25 шақырым. Екінші дуалға батыс және оңтүстік жағынан 4 жарты шеңбер дуалдар ұласады. Қазба жұмыстары қала қалдығының барлық бөліктерінде жүргізілді. Кейбір Шығыстанушы ғалымдардың болжамы бойынша қала ортағасырлық Баласағұн қаласымен теңдестіріледі. Баласағұн қаласы - ұзақ уақыт бойы Қараханидтер империясы батыс бөлігінің астанасы ретінде, Евразия құрлығының аумағындағы аса ірі мәдени, ғылыми, рухани орталық болды. Қалада Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари т.б. көрнекті тұлғалар өмір сүріп, қызмет етті. Осы жерде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу Білік» (Даналық сөзі) атты аса құнды еңбегі жазылды.

Баласағұн қаласы «Ұлы Жібек жолындағы» аса ірі мәдени, саяси және экономикалық орталық болды. Аталған ескерткіште археологиялық қазба жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізілуде. Осы аралықта су құбыры жүргізілген шығыс моншасы мен алаңы бар сарай кешені, шаруашылық құрылыстар, керамикалық ыдыстар мен қару қалдықтары табылған, қолөнер шеберханасы тәрізді көптеген нысандар ашылып, зерттелді. Археологтар 500 данадан астам мыс теңгелер көмбесін тапты.

 

«Ақкесене»  қарауыл  мұнарасы. (X-XIII, XVII ғ.ғ.)

X-XIII, XVII ғасырлармен мерзімделетін Ақ кесене қарауыл мұнарасы Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде, тартылып кеткен каналдың жағасына орналасқан. «Ақ кесене» деген атымен белгілі күзет мұнарасы бар, жобасы төртбұрышты болып келген үйінді алаңы, дуалмен қоршалған. Алаңның солтүстік-шығыс бұрышында жоғары шығатын айналма баспалдақтары және кірпіштен салынған дөңгелек тұрпатты биіктігі 14м. болатын күзет мұнарасы бар.  Кесене 2008  жылы  қайта  жаңғыртылды. Бұл  ортағасырлық  күзет  мұнарасы ретінде  анықталған.

 Қали  Жүністің Шығыс  моншасы. (ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ басы.)

         ХХ ғасырдың бас кезінде жататын ортағасырлық сәулет өнерінің үлгісіндегі моншаны Әулиеата қаласының тұрғыны, меценат Қали Жүніс өз қаржысына 1906 жылы салдырған.   Монша Әулиеата кезеңінің сәулет өнері ескерткіші болып саналады. Ортағасырлық Шығыс елдерінде моншаға деген құрметтің зор болғанын жазба деректерден табуға болады. Қандай да бір қаланың артықшылығын көрсету үшін, алдымен оның  моншасы  дәріптелген.

Атақты Ибн-Сина да көп еңбектерін монша тақырыбына арнады. Ол моншаның бөлмелері кең және жарық, бір қалыпты жылы, суының мол болуы, қабырғалары жан жадырататын суреттермен безендірілуі адам ағзасына зор пайдасы барын жазған.

Монша тек қана санитарлық-тазалық орталығы ғана емес, ол  саясатшылардың, саудагерлердің, әскерилердің, қала тұрғындарының көптеген ортақ мәселелерін шешетін, тынығып дем алатын орны да болған.

Осындай нұсқаға Қали Жүніс  моншасын жатқызуға болады.

Салтанатты күмбездермен көмкерілген түрлі көлемдегі 10 бөлме, бір-бірімен иінді өткелдер арқылы жалғасқан. Қабырғаларының қалың болуы, ауа айналымына арналған күмбез ұшындағы саңылаулары,  кішілеу келген терезе ойықтары, еден асты жылыту жүйесі, осынау ортағасырлық Шығыс моншасына тән.

Қали Жүніс  моншасы өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейін жұмыс істегені тарихтан белгілі. Тараз қаласының 2000 жылдық мерей тойы қарсаңында  - 2002 жылы моншаға толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

 Қазіргі кезде монша үйінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар» музейі орналасқан.


Әбдіқадір  мешіті. (ХХ ғ.басы)

         Тараз қаласындағы Абай - Фурманов көшелерiнiң қиылысына орналасқан, тарихи ескерткiш санатындағы Әбдiқадыр мешiтi ХХ ғасырдың басында салынған, Әулиеата қаласындағы үлкен мешiттердiң бiрi болып саналады. Үлкен ауласы және Әулиеата жерiндегi үлкен медресесi болған бұл мешiттегi бас имамдық парызды 1920 жылдарға дейiн  мұсылман әлемiне кеңiнен таныс бiлiмдар, ислам өркениетi мен рухани бiлiмнiң негiздерiн зерттеп көптеген еңбектер жазған, есiмi осы күнге дейiн ел аузында  жүрген Алтынхан төре атқарған. Алтынхан төре, кейбiр мәлiметтерге жүгiнсек, таяу шығыстағы арабстан жерiнде  жерленген. Кешегi аумалы-төкпелi заманда мешiт үйi мен медресе бiрте-бiрте бұзылып, залал шеккен. Мешiт үйi қойма, әртүрлi мекемелердiң қызмет үйі, наркологиялық диспансер секiлдi қызмет бабындағы ғимарат есебiнде пайдаланылған. Дегенмен, мешiт ғимаратындағы үлкен аркалы қақпа мен азанханасы бұзылмай сақталған.

2000 жылы мешітке толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгiн бұл мешiтте 200 адамға дейiн намаз атқаратын жағдай бар. Мешiттiң сақталып қалған бөлiгi тарихи ескерткiш ретiнде мемлекеттiң қорғауында.

 

Қарақожа  мешіті. (ХХ ғ. басы)

         Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек  елді-мекенінде  ауыл шетінде орналасқан.

1945 ж. археолог Г.П.Пацевич,-1975-80 ж.ж. «Қазжобажаңғырту» сәулетшілері, 2000 ж. - НИПИ ПМК мамандары зерттеген. ХІХ  ғ. соңы мен ХХ ғ. басында, Талас - Шу аймағында қалыптасқан діни-рухани сәулет нысандарына тән дәстүрлі үлгіге байланыстырылып тұрғызылған. Көпкүмбезді монументальды  үлгідегі құрылысқа намаз залы мен айван кіріккен. Материалы - күйдірілген кірпіш.  Қасбеттері шектеулі түрде беттік кірпіштік қалаумен  сыланған. Қабырғаларында эпиграфиялық мәнер - қалыбында Аллаға сыйыну сентенциясы құрылыстың тұрғызылған күні, айы, жылы болып табылатын хижраның 1327 (1909) жылы өрнектелген.

  

 Берікқара шатқалы – республикалық маңызы бар кешенді мемлекеттік табиғи қорықша. 1971 ж. Жамбыл облысының Жуалы ауданында құрылған. Аумағы 17,5 мың га. Берікқара шатқалы Қаратаудың Билікөл маңындағы өсімдіктер мен жануарлардыңреликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Қорықшада сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, согдиана шағаны, т.б. өседі. Мұнда әсіресе берікқара терегіне ерекше мән берілген. Өйткені қазір бұл терек тек Қазақстандағана сақталып қалған. Реликт түр болғандықтан берікқара терегіне Канада ботаниктері үлкен көңіл бөлуде. Олар 4 жыл сайын келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеп отырады. Өсімдіктің 51 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қорықшада торғайдың сирек кездесетін, қауырсындары құлпырып тұратын түрі – жұмақ шыбыншы қорғалады.

 

Аңдасай қорықшасы  зоологиялық қорықша. Жамбыл обл. Мойынқұм ауд-ның солт. бөлігі мен Бетпақдаланың оңт-нде орналасқан. Мойынқұм, Бетпақдала шөлдеріндегі, Шу-Іле тауларындағы арқар, құлан, таутеке, елік, жабайы шошқа, ақ бөкен,қарақұйрық, дуадақ, безгелдек, қырғауыл, т.б. пайдалы аңдар мен құстарды және ойпаң дала көлдеріндегі балықтарды қорғау, көбейту мақсаттарымен 1966 ж. құрылған. Аум. 1 млн. га. Жер бедері ақ сексеуіл өскен тоғайлы төбешік пен құмды қырқалар, беті тегіс аумақты тақырлар болғандықтан жануарлар үшін өте қолайлы келеді. Қорықшада балық пен бауырымен жорғалаушылардың 10-нан, құстардың 200-ден, сүтқоректілердің 40-тан астам түрлері (кірпікшешен, қоян, сарышұнақ, борсық,қасқыр, қарсақ, түлкі, елік т.б.) тіршілік етеді. А. қ. Оңт. Қазақстандағы ақ бөкендердің қыстап шығатын қонысы болып есептеледі. Ондағы бірқатар аң-құстар (қарақұйрық, шұбар күзен, қалбағай, жалман, арқар, аққу, т.б.) мен өсімдіктер (Альберт қызғалдағы, Бетпақдала сылдыршөбі) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қорықша аумағында аң-құстарды аулауға тыйым салынған. 

  

Қарақоңыз шатқалы  Қордай ауданында орналасқан мемл. табиғи-ботаникалық қорықша. Қорықша 1971 ж. Қордай ауд. мемл. орман қоры жерінде бекітілген. Жер аумағы 3,07 мың га. Өсімдіктердің 520 түрлері кездеседі. Оның ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген Кавказ тауындағы, Кәдімгі пісте, Недзвецкий алмасы, жабайы жүзім, гладиолус, күшала,сасыр, жуа, рауғаш, қызғылт радиола, қызғалдақтар мен жанаргүлдердің көптеген түрлері, т.б. өсімдіктер. Қорықша аумағында ағаш егу тек санитарлық түрде жүргізіледі. Басқа пайдалану түрлері, сонымен бірге жайылым, шабындық қатаң белгіленген мөлшерде жүргізіледі. 

 

Батыс Тянь-Шань Талас Алатауы Көксай шатқалының сағалары және оған іргелес Жуалы үстіртінің тау алдында орналасқан Көксай каньоны.

Шамамен  ауданы: 10 мың гектар. Әкімшілік орны - Жамбыл облысының Жуалы ауданы. Көксай шатқалының сағалары Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімшілік бағындыруында болған «Ақсу-Жабағлы» қорығының буферлік өңірі болып табылады. Бұл - тоғай ормандары, аршалы сирек ормандары, таулы субальптік жайылымдар және шабындық далалармен ұсынылған орман биоценоздардың аумағы.  Талас және Тянь-Шань қайыңының сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері, ұсақ жапырақты талдары, түркістандық шетені, бұтақты және ағаш сияқты аршасы тоғай ормандарының негізгі ағаш түрлерін құрайды. Каньон және шатқал - Жамбыл облысы халығының табиғи мұрасының көрнекті нысандарының бірі.

 

 «Мақпал» шатқалының ауданы, Қырғыз Алатауы.

Шамамен алынған ауданы – 20 мың гектар. Әкімшілік орны – Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы. «Мақпал» шатқалы Қырғыз тау жотасының  солтүстік баурайында орташа таулы өңірде 2800 м биіктікте орналасқан.

Шатқал өз сирек кездесетін эндемикалық түрлерінің тоғай ормандарымен бірегей: таластық және тянь-шаньдық қайыны, жабайы өсетін Сиверс алмасы, Ревель алмұрты, долана.

Шатқалдың альптік және субальптік бай көрнекі әртүрлілігінің сәндік  және дәрілік шөптер мен  шабындықтары бар, олардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілген және жойылып бара жатқан түрлері: таушымылдық, зире, мия, андыз, Гентиана өсімдігі, вероника, құртқашаш, Грейг, Кауфман, Альберт қызғалдақтары және т.б.  

 «Шалсу-Талдысу» шатқалының аумағы, Қырғыз Алатауы.

Шамамен алынған шатқалдың ауданы - 60 мың гектар. Әкімшілік орны – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы. Аумақ ланшафтылы және биологиялық әртүрлілік бойынша бірегей. Шатқалдың шұғыл баурай бедері, тасты каньондары, құлама сулары, таза және мөлдір сулы таулы шағын өзендері бар. Шатқал қарлы барыс, арқар, елік, желіс, аю сияқты өте сирек кездесетін аңдардың мекендеу орны болып табылады. Тамаша  қарлы шыңдарымен көрнекті жер бедерлері, тасты мұнаралар, аршалы сирек тоғайдың  шипалы ауасы, таза таулы су, биік шөп басқан таулы жайылымдар - осы барлық өсімдіктер танымдық және сауықтыру эксукурсияларды өткізуге мүмкіндік береді. 

 

«Қара-Арша» және «Шошқалы» шатқалдары Қырғыз жотасының орталық тау бөлігінде орналасқан. Жамбыл облысына келуші туристерге шатқал өзінің қолайлы көтерілу жолдарымен, сұлулығымен және тарихи ескерткіштерімен танымал. Шатқалдың етегінде жұмбақ әрі керемет тарихи- археологиялық ескерткіш Ақыртас қалашығы орналасқан. Бүкіл әлем ғалымдарының назарын аударып қана қоймай,  діни наным-сенім жолында жүргендердің баратын жеріне де айналған.

Шатқалда қайнар көздерімен қоректенетін мөлдір өзендер бар. Өсімдіктер әлеміне керемет сырғаталды тоғайлы ормандар, Сиверс алмасы, долана, Семенов үйеңкісі кіреді. Сонымен қатар сирек кездесетін, ерте гүлдейтін эндемик түрлер,  декоративті және емдік шөптер: қызғалдақтың түр түрі, сарыгүлдер, пскем және каратау жуаларын кездестіруге болады.

 

Мойынқұм құмды шөлі Тараздан 5 сағаттық  қашықтықта жатыр. Атпен, түйемен серуен, ұлттық танымдық туризм, сафари т.б. демалыс түрлеріне ыңғайлы. Шөлді кесіп өтіп Балхаш көліне баруға  болады

  

Балхаш көлі 

      Балхаш көлі- суының бір бөлігі ащы, ал екінші бөлігі тұщы болып ерекшеленеді. Мұнда кішігірім круиз, түрлі аттракциондар,  балық және аң аулау мүмкіндіктері бар. 

      Билікөл- Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі су қоймаларының бірі болып табылады. Көлемі 86,5 кв.км құрайды. Фауна әлемінде сазан, көксерке, ақтабан, шабақ, ақ амур, жыланбас т.б. балық түрлері бар. 

       Ақкөл- облыстың Талас ауданында орналасқан. Көлемі 900 гектар жерді алып жатыр. Қоректенетін су көзі негізінен Аса өзені болып табылады. Көлдің орташа тереңдігі 3 метр, ал максималды тереңдігі 5,5 метрді құрайды. Ақкөлде келесі балықтардың түрін кездестіруге болады:  сазан, көксерке, ақтабан,шабақ т.б.

30.12.2018 22:40